Шығыс Қазақстан облысында күздің соңғы айы әдеттегіден жылы әрі қарлы болмақ.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, қарашаның алғашқы аптасында солтүстік циклонның әсерінен ауа райы құбылмалы болады. Облыс аумағында жаңбыр мен қар жауады. Ал өңірдің шығысында негізінен қар жауып, боран соғады. Ұқсас ауа райы екінші және үшінші онкүндіктің кей күндерінде де қайталануы мүмкін. Ай бойы қатты жел, көктайғақ және боран жиі байқалады.
— Қарашаның бірінші онкүндігінде республиканың шығысында суық ауа райы сақталады. Күндізгі температура минус 2-6 градус шамасында болады. Онкүндіктің соңына қарай ауа температурасы аздап жоғарылап, нөлден жоғарылайды. Ал айдың екінші онкүндігінде күндіз ауа температурасы +5 пен –8 градус аралығында болады, — делінген ақпаратта.
Жалпы қараша айында еліміздің барлық өңірінде орташа ауа температурасы климаттық нормадан шамамен бір градусқа жоғары болады деп болжанып отыр. Ал Шығыс Қазақстанда жауын-шашын мөлшері көпжылдық көрсеткіштен едәуір көп болуы ықтимал.
					
						

