Бүгін Шығыс Қазақстанда алғаш рет мектеп оқушылары арасында дәстүрлі садақ атудан «Жас мерген» облыстық телетурнирі басталды. Мергендер жарысының ашылу салтанатына аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
— Садақ ату – халқымыздың ежелден келе жатқан ұлттық мұрасы, батырлық пен мергендіктің нышаны. Бұл спорт түрі жас ұрпақтың рухын көтеріп, ерік-жігерін шыңдап, тереңде жатқан тарихымызға үңілдіре түседі. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін! Жебелеріңіз нысанаға дөп тие берсін!, — деді облыс әкімі.
Облыстық «ALTAI» телеарнасы мен «Керемет садақ ату» орталығы бірлесіп ұйымдастырған телетурнирге ШҚО әкімдігі қолдау көрсетті.
Жарысқа 9-10 сыныпта оқитын 80-нен астам оқушы қатысып жатыр. Жартылай финал мен финалда олар жамбы ату бойынша сынға түседі.


