Тәртіп сақшылары жедел іс-шаралар барысында Зайсан көлінде балық аулауға жыл бойы тыйым салынғанына қарамастан, бір күннің ішінде балық ресурстарын заңсыз аулаудың үш фактісін анықтады.
— Браконьерлікке Тарбағатай ауданының алты тұрғынының қатысы бар екені анықталды.
Бірінші жағдайда екі ер адам ұсталып, олардың 290 келіден астам балық, атап айтқанда көксерке, шортан және сазан аулағаны белгілі болды. Мемлекетке келтірілген шығын 1 940 000 теңгені құрады, — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Екінші дерек бойынша браконьерлер 356 келі балық аулап, 2 600 000 теңгеден астам шығын келтірген.
Үшінші топ дәл сол аумақта заңсыз балық аулап, 500 келіден астам балық — көксерке, шортан және алабұға аулаған. Келтірілген шығын мөлшері шамамен 3 900 000 теңгені құрады.
Жедел шаралар барысында құқық бұзушылардан «Прогресс-2» маркалы қайықтар, әртүрлі маркадағы қайық моторлары және заңсыз балық аулау кезінде пайдаланылған ондаған нейлон торлар тәркіленді.
Алты күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің «Балық ресурстарын, басқа су жануарлары мен өсімдіктерін заңсыз өндіру» бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды.