Синоптиктердің болжауынша, күздің соңғы айы Шығыс Қазақстанда әдеттегіден жылы әрі қарлы болмақ.
«Қазгидромет» РМК мәліметіне сүйенсек, қараша айында Қазақстан аумағында, оның ішінде Шығыс өңірінде қар молынан жауады. Ай бойы облыстың солтүстігінде, орталығында және шығысында екпінді жел, боран, көктайғақ пен тұман күтіліп отыр.
– Қарашада ауа температурасы жиі құбылып тұрмақ. Айдың бірінші онкүндігінде күндізгі ауа температурасы +5…+10 °C-қа дейін жылы болады деп күтілуде. Ал екінші және үшінші онкүндіктерде күн суытады. Термометр бағаны –18 °C-қа дейін төмендеуі мүмкін, – делінген ақпаратта.
Жалпы, қараша айында Қазақстан бойынша ауа температурасы климаттық нормадан 1 градусқа жоғары болады деп болжанып отыр. Ал Шығыс Қазақстанда жауын-шашын мөлшері көпжылдық орташа көрсеткіштен жоғары болады.