Өскемен қаласында шетелдік азаматтар бір айдан астам уақыттан бері ықтиярхат ресімдей алмай жүр. Миграциялық базаның дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты олар дактилоскопия рәсімінен өте алмай келеді.
Соның салдарынан шетелдіктер жеке басын куәландыратын құжат ала алмай, тиісінше басқа да мемлекеттік қызметтерге қол жеткізе алмай қалған.
Белгілі болғандай, мұндай жағдай тек Өскеменде емес, Қазақстанның басқа да қалаларында байқалып отыр. 26 тамыздан бастап шетелдіктердің дактилоскопиялық базасы істемей қалған. Саусақ іздерін тапсыру – ықтиярхат алу үшін міндетті талап, сондықтан бұл мәселе олардың құжат рәсімдеуін толық тоқтатып тұр.
— ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың айтуынша, қазір мамандар мәселені жедел шешу үстінде. Жүйе апта соңына дейін қайта іске қосылады. Шетелдіктерге қатысты ешқандай айыппұл немесе әкімшілік шара қолданылмайды, — деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінен.