ШҚО ПД ҰҚҚКБ қызметкерлері Бұқтырма су қоймасы жағалауында балық ресурстарын аса ірі мөлшерде заңсыз аулау фактісін анықтады. Оқиға орнында бес күдікті ұсталып, полицейлер қайықтар, автокөліктер және балық тасымалдауға арналған тіркемелерді тәркіледі.
Заң бұзушылар жалпы салмағы 733 келі болатын әртүрлі балықтарды ұстаған, атап айтқанда: сазан, шортан, көксерке, қаракөз және табан. Келтірілген шығын мөлшері шамамен 5 миллион теңге деп бағалануда.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, оның қорытындысы бойынша нақты шешім қабылданатын болады.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті «Заң және Тәртіп» қағидаты бойынша әрекет ете отырып, азаматтарды табиғатты қорғау заңнамасын сақтауға шақырады және балықты заңсыз аулау әкімшілік жауапкершілікпен қатар қылмыстық жауапкершілікке де әкеп соғатынын ескертеді.