Өткен ғасырда салынған кәріз жүйесі бүгінде сарқынды судың көлеміне төтеп бере алмайды.
— Мұның салдары айтарлықтай жойқын болуы мүмкін. Жергілікті деңгейдегі апаттардан бастап, Ертіс өзеніне лас қалдықтардың төгілуіне дейін әкеліп соғу қаупі бар. Ал Ертіс — трансшекаралық өзен. Оның ластануы тек Қазақстан үшін емес, көршілес елдер үшін де экологиялық қатер төндіреді, — дейді экологтар.
Соңғы жылдары тазарту құрылғыларын жаңарту бойынша жоспарлар бірнеше рет кейінге қалдырылып келді. Бұған жергілікті бюджет қаражатының жеткіліксіздігі және коммуналдық кәсіпорындар үшін нақты ынталандырудың болмауы себеп болған. Алайда биыл бұл мәселеде серпіліс байқалып отыр.
— Бұл жай ғана техникалық тозу мәселесі емес. Кейбір қалаларда тазарту құрылғылары 50 жылдан астам уақыт бойы күрделі жөндеусіз жұмыс істеп келеді. Мәселен, Риддерде тазарту станциясы 1970 жылдардың басынан бері үздіксіз пайдаланылып келе жатыр. Сондықтан мұны жаңғырту емес, қауіпсіздік мәселесі деп қараған жөн, — дейді облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары Рауан Тұрысбек.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Өскемен, Риддер, Алтай және Серебрянск қалаларында техникалық-экономикалық негіздемелер әзірленіп жатыр. Риддер бойынша құжат мемлекеттік сараптамаға жолданған. Қалған қалаларда жұмыс белсенді жүргізілуде. Сонымен қатар халықаралық қаржы институттары арқылы инвестиция тарту жолдары қарастырылып жатыр.