Белгілі болғандай, даладағы нақты температура мен тарифте ескерілген есептік температура арасында айырмашылық болған. Сондықтан жылумен қамтамасыз етуші компаниялар тұтынушыларға артық төлеген ақшаларын қайтаруы тиіс. Бұл туралы ШҚО бойынша Табиғи монополияларды реттеу департаментінен мәлім етті.
Қайта есептеу тек орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған, бірақ үйінде жылу есептегіші орнатылмаған абоненттерге ғана жүргізіледі.
— 229 млн теңгеден астам соманы Өскемендегі «Шығыс Жылу» АҚ өз абоненттеріне қайтарады. «Востокэнерго» ЖШС тұтынушыларына шамамен 21,2 млн теңге қайта есептелмек. Ұлан ауданында «Молодежный» КМК болса 3,4 млн теңгеден астам соманы өтейді. «Л-ТВК» ЖШС 1,6 млн теңге қайтарады. Ал Зайсан қаласында қайта есептеу сомасы – 648 мың теңгеге жуық, Үлкен Нарын ауылында – 607 мың теңге шамасында, Күршімде – 335 мың теңгеден асады. Барлық сома қосылған құн салығымен бірге есептелген, — делінген ақпаратта.
Өтемақы келесі айдағы түбіртектерде көрсетіліп, төлем сомасы азайтылып отырады.