Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданындағы халықаралық «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі аясында жаңа инфрақұрылым нысандары салынды. Ауқымды дайындық жұмыстары түрлі елдерден келген қонақтарды қарсы алып, мәдени-спорттық шараларды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді.
Ірі нысандардың бірі — 1000 орындық жабық манежі бар жаңартылған ипподром. Аудан әкімдігінің мәліметінше, ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар өтетін алаң — «шеңбер» толықтай ретке келтірілді.
Сонымен қатар 60 киіз үй мен қосымша шатырлардан тұратын үлкен киіз үй қалашығы құрылды. Қатысушылар мен қонақтардың жайлылығы үшін қалашықта жарықпен қамтамасыз ету және сумен жабдықтау жүйесі жүргізіліп, 15 санитарлық-гигиеналық торап орнатылды.
Фестиваль кезінде Катонқарағай ауданы тек қазақстандықтар үшін ғана емес, шетелден келген меймандар үшін де ерекше тартымды орынға айналды. Олар түркі дүниесінің бай мәдени мұрасымен танысып қана қоймай, өңірдің көркем табиғатында тынығуға да мүмкіндік алып отыр.