8 маусым күні кешке Өскемен қаласында патрульдік полиция қызметкерлері өз-өзіне қол жұмсамақ болған қызды Ертіс өзенінен құтқарып қалды.
Оқиға туралы хабар «102» жедел арнасына түскен. Жас қыз суицид жасау ниеті барын айтып, өзенге секіруге бел буғанын жеткізген.
Хабар түскен бойда оқиға орнына – Славский жағалауы маңына – патрульдік полиция батальонының экипажы, аға лейтенанттар Ерғанат Жақыпов пен Қуаныш Бөксенов жедел жеткен.
— Патрульдік полицейлер келген сәтте бойжеткен суда болған. Тәртіп сақшылары уақыт жоғалтпай суға түсіп, оны жағаға алып шықты, — деп хабарлады ШҚО ПД баспасөз қызметінен.
Қызға жедел түрде алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Кейін ол жедел жәрдем бригадасына тапсырылды. Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты тексеру жүргізіліп жатыр.