AN Group компаниясы Өскеменде 13 мамырда Үлбі өзеніне батып бара жатқан бес жасар баланы құтқарған Қазақстан-Американдық еркін университетінің студенті Ерасыл Омархановқа қолдау көрсету туралы шешім қабылдады. Оның батыл әрекетіне алғыс ретінде компания 2 курста оқитын студенттің одан арғы оқу ақысының шығынын өз мойнына алды.
Айта кетейік, AN Group әлеуметтік тұрғыда осал отбасылардан шыққан басқа студенттерге де көмек көрсетеді. Одан бөлек, ардагерлерге, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға және спортшыларға да қолұшын созуда. Қолдау алатын ұйымдардың қатарында «Парыз» қайырымдылық қоры, Шығыс Қазақстан облыстық шинкиокушинкай каратэ федерациясы, шахмат және әуесқой спорт федерациялары, джиу-джитсу және грэпплинг академиясы бар.
Серіктестік тарапынан көрсетілген қайырымдылық көмектің жалпы сомасы 100 миллион теңгеден асқан.
— «AN Group-тың» қайырымдылық шараларға атсалысуы — басқа кәсіпкерлерге лайықты үлгі, — деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.