Тері ісігі мен меланомаға қарсы ақпараттандыру апталығы аясында Шығыс Қазақстан облысында Ашық есік күні өтеді. Іс-шара Өскемен қаласындағы Көпсалалы онкология және хирургия орталығы мен өңірдегі барлық бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында ұйымдастырылады.
Азаматтар онколог және дерматолог мамандардан тегін кеңес алып, тері қатерлі ісігінің алдын алу, өз бетінше тексеру және ерте диагностика тәсілдері бойынша ақпарат ала алады.
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының деректеріне сәйкес, 2023 жылы Қазақстанда 3500-ден астам тері қатерлі ісік және шамамен 300 меланома жағдайы тіркелген. Аурушаңдық деңгейі жыл сайын өсіп келеді, әсіресе 55 жастан асқан әйелдер арасында.
Айта кету керек, тері қатерлі ісігі ерте кезеңде анықталса, емделу мүмкіндігі жоғары онкологиялық аурулардың бірі саналады. Сондықтан теріні жүйелі түрде тексеріп, мамандарға дер кезінде қаралу аса маңызды.