Шығыс Қазақстан облысында адамның иммун тапшылығы вирусын (ВИЧ) жұқтырғандар бұрын-соңды тіркелмеген аудандарда ауырғандар анықталып отыр.
Өңір бойынша осы жылдың бірінші тоқсанында АИТВ жұқтыру дерегі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27 пайызға азайған. Десе де 3 бірдей ауданда алғаш рет науқастар тіркелді. Олар Самар, Зайсан және Ұлан аудандары. Бұл туралы ШҚО ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес орталығының өкілі Арай Айдарқызы мәлім етті.
— Өңірде АИТВ жұқтырғандар ең көп тіркелетін қала, аудандар — Өскемен, Риддер қалалары мен Алтай, Шемонаиха, Глубокое аудандары. Жас ерекшелігіне келсек, жұқтырғандардың көбі 30-49 жас аралығындағы адамдар. Яғни, ауырғандар жұмыс істейтін азаматтар арасында. Ер адамдар бұл дертке әйелдерге қарағанда екі есе жиі шалдығады, — деді ол.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстан республика деңгейінде АИТВ жұқтырғандар саны бойынша екінші орында тұр. Қазіргі таңда бірінші орында — Қарағанды облысы.
Мамандардың айтуынша, вирус негізінен жыныстық қатынас арқылы тарайды. Бұл жалпы жұқтырғандардың 75 пайызы.