Өскеменде полицейлер сынақ режимінде көше патрульдеудің жаңа әдісіне көшіп көрді. Соның аясында олар жұмысқа қызметтік емес көлікпен шықты. Көліктің алдыңғы орындығына роботқа ұқсайтын, жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін тіркейтін автоматты жүйе орнатылған. Жасырын патрульдеу арқылы жол-көлік оқиғаларының саны азаяды деп жоспарланып отыр.
— Жасырын патрульдеудің басты мақсаты – жүргізушілердің жол ережелерін сақтау көрсеткішін жақсарту. Қазіргі уақытта жылдамдықты арттырғандарды тіркейтін бір көлік жолда жүр. Десе де ереже бұзғандар тек сынақ режимінде тіркелді. Жүргізушілер әлі жауапкершілікке тартылған жоқ, — деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінен.
Ведомство дерегінше, қала жолдарын күнделікті жасырын патрульдеу қашан басталатыны әлі нақтыланбаған.