Облыстық Денсаулық сақтау басқармасында өткен жиналыста 2024 жылға арналған жұмыс қорытындысы шығарылды. Өңір бойынша қатерлі ісік ауруларының 4,29%-ға төмендеуі байқалды. Сондай-ақ жарақат алу мен улану көрсеткішінің 7,63%-ға артуы және туберкулезбен сырқаттану көрсеткішінің 4,44%-ға төмендеуі тіркелген.
Басқарма медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Бұл да аймақ тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырады. Мәселен, 2024 жылы 3,2 миллиард теңгеден астам сомаға 456 техника сатып алынған. Биыл 18 медициналық мекемеге 4,8 млрд теңгеге жаңа жабдықтар алынбақ.
— 2024 жылы медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегін айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік туды. Десе де бірқатар медициналық мекемелерде қарыз мәселесі әлі де өзекті. Осы мәселені шешуді жалғастырып, тиісті шараларды қабылдауымыз керек, — деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Төлеген Жігітаев.