Бүгін облысқа Премьер-министр Олжас Бектенов пен Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай келді. Олар ШҚО мәслихаттарының депутаттарына Шығыс Қазақстан облысының әкімі лауазымына екі кандидат – Нұрымбет Сақтағанов (ШҚО әкімінің бірінші орынбасары) пен Арман Бекбосыновты (Ұлан ауданының әкімі) ұсынды. Лариса Гречушникова есептеу комиссиясының төрағасы болды. Дауыс беруге 172 депутаттың 148-і келіп, ашық дауыс беру әдісін таңдады.
Нұрымбет Сақтағанов өз сөзінде Шығыс Қазақстанды дамытудың басым бағыттарын айқындап өтті. Ең бірінші орында — халықтың өмір сүру сапасын жақсарту тұр. Одан соң ірі жобаларды, соның ішінде өңірдің логистикалық және транзиттік әлеуетін нығайтуға бағытталған жобаларды іске асыру жалғасын таппақ. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Катонқарағай және Зайсан аудандарында әуежайлардың құрылысы аяқталып, туристер арасында сұранысы зор бағыттарға баса назар аудара отырып, 1000 шақырымнан астам жолдар мен көшелер салынып, жөндеуден өтеді. Сондай-ақ әуе және су көлігі байланыстарын кеңейту жоспарланған. Агроөнеркәсіп кешені мен ШОБ секторын қолдау да жалғасады.
Әлеуметтік мәселелер тұрақты бақылауда болмақ. Алдағы жылдары Шығыс Қазақстанда бір миллион шаршы метрден астам тұрғын үй, 28 ірі әлеуметтік нысан бой көтереді. Жұмысшы мамандықтарға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Маңызды экологиялық мәселелерді қоғам белсенділерімен және депутаттармен бірлесіп шешу жалғаса береді. Арман Бекбосынов та өз бағдарламасында өңірді дамытуға бағытталған мақсат-міндеттерін атап өтті.
Ашық дауыс беру нәтижесі бойынша депутаттар Нұрымбет Сақтағановтың кандидатурасын қолдады, оған 148 депутаттың 104-і дауыс берді, Арман Бекбосыновты 41 депутат жақтады. Осылайша, Мемлекет басшысының жарлығымен Нұрымбет Сақтағанов Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды.
— Алда бізді көп жұмыс күтіп тұр. Сол жұмыстарды бірлесіп істеп, дұрыс бағыттап отыру арқылы әрбір шығысқазақстандықтың өмірін айтарлықтай жақсарта аламыз, — деді Нұрымбет Сақтағанов.
Өз кезегінде депутаттар облыс әкімі лауазымына Шығыс Қазақстанда ұзақ жыл еңбек еткен, әлеуметтік-экономикалық даму жолдарын жақсы білетін адамның келгені аса маңызды екендігін жеткізді.
Айта кетейік, Нұрымбет Сақтағанов 1970 жылы Түркістан облысында дүниеге келген. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін, Мәскеу мемлекеттік экономика, статистика және информатика университетін, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолын 1992 жылы Қызылорда облысының Сырдария ауданындағы № 172 орта мектепте оқытушы ретінде бастаған.
Әр жылдары мемлекеттік қызмет, соның ішінде кеден органдарында жауапты басшылық қызметтерде болған. 2007-2012 жылдары ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Сыртқы инвестиция көздерін жоспарлау бөлімі басшысы, министрдің кеңесшісі, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі миграция комитеті төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып қызмет етті. 2012-2021 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары, Ұлан ауданының және Семей қаласының әкімі қызметтерін атқарған.
2021 жылдың ақпан айынан 2022 жылдың маусым айына дейін Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының әкімі лауазымында еңбек етті. 2022 жылдың 24 маусымынан бастап осы уақытқа дейін Қызылорда облысы әкімінің орынбасары болды. 2023 жылдың 8 қыркүйегінде ШҚО әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.
