Бүгінгі таңда облыс бойынша картоп әлеуметтік бағамен тұрақтандыру қорының 25 нүктесінде және «Ертіс» ӘКК-мен меморандум жасаған 41 сауда орнында сатылуда. Тұрғын үй маңындағы дүкендер мен супермаркеттерде картоптың 1 келісі 125 теңгеден сатылуда.
Былтыр Өзбекстан мен Ресейде өнімнің аз жиналуына байланысты картопқа қатысқы дүрбелең біздің елде де болды. Ресейде картоп қымбаттауына байланысты, Павлодар кәсіпкерлері көрші елге картоп жөнелтіп отырған. Осыған орай жуықта ғана Қазақстан үкіметі араласып, экспортқа тыйым салды.
Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ольга Григорьеваның айтуынша, өңірде картоп тапшылығы болған жоқ, дүрлікпе қолдан жасалынған.
— «Алтай» көтерме-үлестіру орталығының мамандары картоп жеткізу бойынша келісімшарттар жасау үшін Павлодар облысына барды. Сондай-ақ дүйсенбіден бастап бұл көкөністі Өскеменге Риддердегі шаруа қожалықтарының бірі 210-215 теңге бағамен жеткізе бастайды, — деді ол.