34 жастағы әйел адам Риддер қаласына өткен жылдың желтоқсан айында кәмелетке толмаған баламен бірге басқа облыстан келген. Ол өзгелерге баламен көшеде жүрген әйел болып көрініп есірткі таратумен айналысты.
ШҚО Полиция департаментінің мәліметінше, күдікті есірткіні алдын ала ойластырылған схема бойынша тасымалдаған. Жетекшілері оған есірткіні қайдан алып, қайда қойып кетіп отыру қажеттігін айтқан.
Жедел-іздестіру шаралары барысында әйел адам ұсталды. Жеке тінту жүргізу кезінде полицейлер ұнтақ тәрізді зат салынып, изолентамен оралған 80 ораманы тәркілеген.
— Сараптама нәтижесі бойынша тәркіленген зат аса ірі көлемдегі синтетикалық есірткі екені анықталды.Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал бала кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жіберілді, — делінген ақпаратта.