Маралды ауылындағы алтын өндіру фабрикасының жұмыс істеп тұрғанына бір айдай болды. Кеше онда қоғамдық тыңдау өтіп, фабриканың қоршаған ортаға ықтимал әсері мен екі кен орнының алтын барлау жоспары талқыланды. Тыңдау өтті деп танылып, тұрғындар жан-жақты ақпарат алып, өздерін толғандырған сауалдарға толыққанды жауап алды.
Айта кетейік, Маралды ауылында алтын өндіру фабрикасының іске қосылуы тек ауыл емес, мұқым Күршім ауданы экономикасының жаңа қарқынмен дамуына жол ашады. Себебі компания алдағы төрт жылда аудандағы әлеуметтік жобаларға 2,5 млрд теңге инвестиция құйуды жоспарлап отыр. Негізінен бұл бағыттағы жұмыс 2024 жылы басталған. 315 млн теңгеге Маралдының жолдары жөнделіп, аз қамтылған отбасылар үшін 110 тонна көмір сатып алынды. Сондай-ақ жарық тартылып, бейнебақылау камералары орнатылып, клуб жаңартылып, медициналық пункт салынды.
Компания көрші ауылдарда да әлеуметтік жобаларды қолға алуда. Қыстау мен Қойтас елді мекендерінде екі құдық салынып, Қайнар өзені арқылы өтетін көпір жөнделді, Үшбұлақ ауылында мал қорымы қайта қойылды. Жалпы, компания аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту және инфрақұрылымды дамыту үшін көп жұмыс атқарып жатыр. Экономикалық тұрғыдағы тиімділік пен жаңа жұмыс орындарының ашылғанын да айта кетпеске болмайды. Жаңа 47 жұмыс орнының жартысына ауыл халқы орналасқан.