Тәртіп сақшылары мал ұрлады деген күдікпен 40 жастағы адамды ұстады. Бұл туралы ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
— Қыркүйек айының соңында ер адам қараусыз жүрген жылқы үйірін байқап қалған. Сосын түн түскенін күтіп, жылқыларды өзі жұмыс істейтін фермаға айдап әкеткен. Кейін күдікті тоғыз жылқыны сатып, бір бөлігін базарға өткізген. Осының салдарынан мал иесіне келтірілген жалпы шығын шамамен 6 млн теңгені құрады, — делінген ақпаратта.
Кейін ауылда жоғалған малды іздеу жұмыстары жүріп жатқанын естіп, өзіне күдік тумас үшін қалған жылқыларды босатып жіберген. Алайда полиция қызметкерлері оның бұл іске қатысы барын анықтады.
— Ұрланған жылқылардың бір бөлігі тәркіленді. Мал ұрлығы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сонымен қатар оның басқа да ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр, — делінген хабарламада.