Глубокое ауданында орналасқан Малая Карагужиха өзені осы жылдың жазында қатты ластанған болатын. Ал Снегириха тауының опырылған жері 15 мың шаршы метрден асты. Облыстың мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы өзендегі ауыр металдардың шекті рұқсат етілген концентрациясы 83 мың есе жоғары екенін анықтады.
Бұған Юбилейно-Снегирихинское кен орны аумағынан шахта суының өздігінен ағуы себеп болған. Мамандардың айтуынша, «Востокцветмет» ЖШС кенішті жапқанмен рекультивация жұмыстарын жүргізбеген.
— Белгілі болғандай, кен орнын жою кезінде кәсіпорын рекультивация жұмыстарын қолға алмаған, кеніш аумағын бұрынғы қалпына келтірмеген. Ал уәкілетті мемлекеттік органдардан құралған комиссия кен орны жойылғаны жайлы қабылдау актісіне қол қойған, — деп хабарлады прокуратурадан.
Кен орнын жоюды қабылдау актісі кейіннен сотпен заңсыз деп танылып, апелляциялық сот бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды. Десе де, осы істің нүктесі әлі қойылмай отыр.
— Қазіргі таңда «Востокцветмет» кәсіпорны шахта суының ағып кетуінің нақты себебін анықтау үшін ғылыми зерттеулерге кірісті. Соның нәтижелеріне сәйкес келесі қадамдар жасалады, — деп хабарлады компанияның баспасөз қызметінен.
ШҚО Экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Азамат Тәуірбеков компанияға аумаққа келтірілген залалды толық зерттеу міндеттелгенін мәлім етті.
— Бастапқыда кәсіпорынға қараша айына дейін уақыт берілді. Бірақ Шығыс Қазақстанда қар ерте түсетіндіктен, қазан-қараша айларында топырақ жамылғысын толық зерттеп, су қоймасы мен су асты әлеміне келтірілген залалды бағалау мүмкін болмады. «Востокцветмет» ЖШС өкілдері зерттеу мерзімін 2025 жылдың мамырына дейін ұзартуды сұрады. Осы зерттеу аяқталғаннан кейін ғана шығын мен айыппұлдың нақты мөлшері анықталады, — деді ол.