1956 жылы салынған Риддер жылу электр орталығында осыдан 2 жыл бұрын болған апаттардан кейін халық қайта-қайта жылусыз қалып отырған. 50 мыңға жуық тұрғынды жылумен қамтамасыз ететін ЖЭО Қазақстан бойынша «қызыл аймақта» қалған 19 жылу көздерінің тізіміне енген болатын.
Осындай жылу орталықтарын шұғыл жаңғыртуды биылғы жылдың ақпан айында өткен кеңейтілген отырыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке міндеттеген еді. Сөйтіп жабдықтары тозып тұрған Риддер ЖЭО-ны жөндеуге республикалық бюджеттен 8 млрд теңге бөлінген.
Қазіргі уақытта 5 қазандық агрегатын жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұл туралы ШҚО энергетика және ТҮКШ басқармасынан хабарлады.
— 4 қазандық агрегаты іске қосылып тұр. Олар № 1, 2, 3, 6 қазандықтар. № 4 қазандық агрегатында іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. № 5 қазандықтағы жөндеу аяқталу сатысында. Ол содан кейін резервке ауыстырылады. Ал жылу желілері толықтай жөнделді. Биыл Риддерде жылыту маусымы алдын ала басталды. Жылумен жабдықтауда температуралық кестеден ауытқу жоқ, — делінген ақпаратта.