Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Күршім ауданына жұмыс сапары барысында ауданның спорттық инфрақұрылымымен танысты. Бірінші Күршім аудандық көпсалалы балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне барып, ондағы спорт секцияларының жұмысын көрді.
1969 жылы құрылған спорт мектебінде бүгінде 850-ден астам бала спорттың 10 түрімен тұрақты айналысады. Олардың қатарында волейбол, футбол, шаңғы жарысы, жеңіл және ауыр атлетика, бокс, еркін күрес, қазақ күресі, армрестлинг және жүзу бар.
Спорт мектебінде 29 жаттықтырушы-оқытушы еңбек етеді. Жалпы, спорт мектебінде 68 оқу-жаттығу тобы құрылған.
Мекеме балансында үш спорт нысаны бар. Атап айтқанда, 1980 жылы салынған спорт кешені, 2013 жылы пайдалануға берілген «Сарытау» стадионы және заманауи бассейн жұмыс істейді.
Облыс әкімі бассейннің жұмысымен де танысты. Нысанның жалпы аумағы 1 200-ден астам шаршы метрді құрайды. Бассейнде ұзындығы 25 метр болатын бес жүзу жолағы бар. Қазіргі таңда мұнда 60 бала жүзумен айналысады.
Спорт мектебінің материалдық-техникалық базасын дамыту, балалардың спортпен жүйелі айналысуына жағдай жасау және бұқаралық спортты одан әрі дамыту – ауданның әлеуметтік саясатындағы маңызды бағыттардың бірі.
Нұрымбет Сақтағанов спорт нысандарының жұмысын көріп, жас спортшыларға арналған жағдайды жақсарту, спорт инфрақұрылымын тиімді пайдалану және оның қолжетімділігін арттыру бағытында тиісті тапсырмалар берді.

