Қазақстанда дәрілік заттарға, медициналық бұйымдар мен қызметтерге салынатын қосылған құн салығының мөлшерлемелері қайта талқыланды. Сала өкілдері күрделі жүйеден бас тартып, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарға 5% мөлшерінде бірыңғай мөлшерлеме белгілеуді, ал медициналық қызметтерді салықтан толық босатуды ұсынып отыр.
Бұл мәселе Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің 24-отырысында қаралды.
Жаңа Салық кодексінде денсаулық сақтау саласының жекелеген бағыттары бойынша ҚҚС мөлшерлемесін кезең-кезеңімен өзгерту қарастырылған. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көрсетілетін медициналық қызметтер мен берілетін дәрілік заттар ҚҚС-тан босатылған. Бұл тізімге дәрілік заттардың үш мыңнан астам атауы кіреді.
Сирек кездесетін және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, диагностикалау, алдын алу және оңалту бойынша медициналық қызметтерге де салық салынбайды. Сонымен қатар ТМККК және МӘМС аясында дәрі өндіруге пайдаланылатын фармацевтикалық субстанциялардың импорты ҚҚС-тан босатылған.
Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды көтерме және бөлшек саудада өткізуге төмендетілген мөлшерлеме белгіленген. 2026 жылғы қаңтардан бастап ол 5% болды, ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 10%-ға дейін өсуі тиіс.
Осының салдарынан жүйе қарапайым болып шықпады: бір тауарлар ҚҚС-тан босатылса, екіншілеріне 5% салық салынады, кейін бұл мөлшерлеме екі есе өсуі керек. Мұндай есеп-қисап салықтық әкімшілендіруді қосымша қиындатады. Сондықтан денсаулық сақтау саласының өкілдері бірыңғай мөлшерлеме енгізуді бұған дейін де бірнеше рет ұсынған.
Түрлі нұсқалар қаралғаннан кейін «Атамекен» ҰКП сала атынан барлық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға 5% мөлшерінде ҚҚС белгілеуді ұсынды. Ал медициналық қызметтерді салықтан толық босату ұсынылып отыр.
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесін мысалға келтірді. Бұл мемлекеттердің басым көпшілігінде медициналық қызметтерге салынатын ҚҚС мөлшерлемесі 0%-ды құрайды.
Алайда мәселе ұсыныстармен ғана шектелген жоқ. Отырыста тәжірибе, соның ішінде пандемия кезеңі көрсеткендей, салықтан босату сатылатын қызметтердің, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың бағасына өздігінен әсер етпейтіні айтылды.
Сондықтан мөлшерлемелерді ықтимал қайта қарау қосымша талдауды қажет етеді. Мамандар оның бюджет пен салаға ықпалын бағалап, ең бастысы, өзгерістердің халық үшін медициналық көмек пен дәрі-дәрмектің қолжетімділігіне қалай әсер ететінін анықтауы тиіс.
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар егжей-тегжейлі талдау жүргізілгеннен кейін бұл мәселеге қайта оралуға келісті. Бірыңғай мөлшерлеме бойынша әзірге түпкілікті шешім қабылданған жоқ.

