Елімізде мәдениет пен өнер саласын дамыту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Бұл тек мерекелік күндерге арналған концерттермен шектелмейді: жаңа нысандар салу, театрлар мен кітапханаларды жөндеу, шығармашылық білім беруді қолдау, сондай-ақ сала қызметкерлерін әлеуметтік кепілдіктермен және баспанамен қамтамасыз ету шараларын толық қамтиды.
Мәдениетті қолдау мемлекетті нығайтуға және дарынды, отансүйгіш әрі білімді жастардың дамуына жағдай жасауға бағытталған ауқымды өзгерістердің ажырамас бөлігіне айналды. Жаңа Конституцияда тарихи-мәдени мұраны сақтау туралы норма бекітілді. Бұл осы салаға ерекше мән беріліп, оны қолдау мемлекеттің басты міндеттерінің бірі ретінде айқындалатынын көрсетеді.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып, елімізде мәдени инфрақұрылым жаңғыртылып, сала қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдіктері күшейтілуде, шығармашылық білім беру ісі дамып, жас дарындар үшін жаңа мүмкіндіктер жасалып жатыр.
Соңғы бес жылда Қазақстанда 274 мәдениет нысаны салынды. Тағы 1293 нысан жөндеуден өтті. Ағымдағы жылы 64 нысанда құрылыс жұмыстары, ал 130 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Театрларға ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы жылдары үш жаңа театр ғимараты бой көтерді:
Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Ұлттық академиялық қазақ музыкалық-драма театры;
Түркістан қаласының Музыкалық-драма театры;
Петропавлдағы С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театры.
Бұл бағыттағы жұмыстар тоқтаған жоқ. Қазіргі уақытта Ақтөбе мен Қонаев қалаларында драма театрларының жаңа ғимараттары салынып жатыр. Сондай-ақ Шымкентте опера театрын, Қызылордада драма театрын және Семейде музыкалық-драма театрын салу жоспарлануда.
Сонымен қатар жұмыс істеп тұрған мекемелер де жаңартылуда. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры мен Наталия Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театрының ғимараттарын реконструкциялау жұмыстары жүріп жатыр.
Демеушілік қаражат есебінен Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында да жөндеу және жаңарту жұмыстары жүргізілді: онда кіреберіс тобы реконструкцияланып, залдар мен қызметтік бөлмелер жаңартылды.
Музейлер мен туристік инфрақұрылымды дамыту маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. 2025 жылы Астанада жаңа Өнер музейі ашылды.
Түркістан облысында «Сауран» және «Гаухар ана» визит-орталықтарының, Алматы облысында «Есік» визит-орталығының құрылысы жалғасуда. Сондай-ақ көне Бозоқ қалашығының археологиялық қазба жұмыстарының негізінде ашық аспан астындағы ұлттық парк аумағында ортағасырлық сәулет стиліндегі қоршау салу жобасы іске асырылуда.
Бұдан бөлек, өткен жылы демеушілік қаражат есебінен Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Алматыдағы Орталық мемлекеттік музейде желдету және ауа баптау жүйелері жаңартылды.
Өңірлерде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен бірлесіп, мәдениет үйлерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. Бұл бастама ауылдық және өңірлік мәдениет ошақтарының мүмкіндіктерін кеңейтіп, халыққа көрсетілетін мәдени қызметтердің сапасын арттыруға тиіс.
Кітапханаларды жаңғырту бойынша 2027 жылға дейінгі Жол картасы бөлек іске асырылуда. 2025 жылы Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында үш жаңа кітапхана салынды. Сондай-ақ 13 кітапханаға күрделі жөндеу, 64 кітапханаға ағымдағы жөндеу жүргізіліп, 197 кітапхананың материалдық-техникалық базасы жаңартылды.
Шығармашылық білім беру саласында да ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Алматыда Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінің студенттері үшін 500 орындық жатақхананың құрылысы басталды.
Бұдан бөлек, Александр Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің ғимаратын реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ үш мамандандырылған музыка мектебі үшін жаңа ғимараттар салу мәселесі қарастырылуда: қазіргі уақытта эскиздік жобалар дайындалып, ЖСҚ, яғни жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу басталды.
Өңірлерде шығармашылық білім беруді дамыту мәселесіне ерекше мән беріледі:
Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесіп, Петропавл қаласында К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің өкілдігін ашу мәселесі пысықталуда;
М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетімен ынтымақтастық аясында мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде жыл сайын 100 талапкерді қабылдай отырып, 9 білім беру бағдарламасы бойынша кадрлар даярлау жоспарлануда.
Қазіргі уақытта Астана мен Алматы қалаларында өнердің барлық бағыттары бойынша кадрлар даярлайтын төрт шығармашылық жоғары оқу орны жұмыс істейді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің мәдениет және өнер факультетінің негізінде Шымкент қаласында жаңа Мәдениет және өнер университетін құру жұмыстары жүргізілуде. Негізгі екпінді мәдениет саласы үшін техникалық мамандарды, соның ішінде кино және драматургия, кино мен ТД режиссурасы, графика, мультимедиа және медиаменеджмент мамандарын даярлауға аудару жоспарланып отыр.
Шығармашылық жастарды қолдау мақсатында жыл сайын жоғары оқу орындарында білім алуға 1000-нан астам, ал колледждерде 500-ден астам грант бөлінеді.
Мәдениет пен өнер саласының жекелеген көрнекті қайраткерлері үшін қосымша әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған.
«Қазақстанның Еңбек Ері», «Халық әртісі», «Халық жазушысы» атақтарын қоса алғанда, жоғары мемлекеттік атақтар мен марапаттарға ие болған адамдар, мемлекеттік сыйлықтардың лауреаттары, сондай-ақ ұлттық академиялардың академиктері тегін амбулаториялық-емханалық қызмет алуға және медициналық қамсыздандыруға құқылы. Бүгінгі таңда ҚР Президентінің Іс басқармасының Медициналық орталығында осындай құрметті атақтардың 494 иегеріне қызмет көрсетіледі. Бұдан бөлек, осы санаттағы азаматтар мен олардың жұбайларына жылына бір рет Қазақстанда тегін санаторий-курорттық емделу және сауықтыру демалысы беріледі.
Кәсібі ерекше физикалық жүктемелермен және еңбек жағдайларымен байланысты әртістер үшін де бөлек қолдау шаралары қарастырылған. «Мәдениет туралы» заңға сәйкес, кемінде 20 жыл кәсіби еңбек өтілі бар және зейнеткерлік жасқа толғанға дейін өз кәсібі бойынша жұмысын тоқтатқан балет әртістері ай сайынғы ақшалай төлем ала алады. Бүгінде мұндай қолдауға 56 қызметкер ие: республикалық опера және балет театрларының 49 әртісі, сондай-ақ Астана, Алматы және Қарағанды қалаларындағы 7 қызметкер. Жыл сайын осы мақсаттарға республикалық бюджеттен 89 миллион теңге бөлінеді.
2024 жылдың қаңтарынан бастап осындай шара мемлекеттік мекемелердің халықтық би әртістеріне де, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер ретінде қолданылады. Төлем жұмыс беруші соңғы жеті жыл ішінде міндетті кәсіби зейнетақы жарналарын төлеген жағдайда 55 жастан бастап тағайындалады. Ол зейнеткерлік жасқа толғанға дейін беріледі, жеке табыс салығы салынбайды және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жүзеге асырылады.
Бірқатар өңірде әлеуметтік сала қызметкерлері үшін қосымша қолдау шаралары, соның ішінде қызметтік және жалға берілетін баспана, сондай-ақ жеңілдікпен несиелендіру жүйесі жұмыс істейді.
Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Үкімет сала қызметкерлерін қызметтік баспанамен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізуде:
2024 жылы Астанада жұмыс істейтін мәдениет ұйымдарының қызметкерлеріне 200 пәтер берілді;
2026 жылы бұл жұмыс жалғасын тауып, Алматы қаласының мәдениет ұйымдарының қызметкерлері үшін қосымша 60 пәтер бөлінді. Кілттерді тапсыру шарасын министрлік Астана және Алматы қалаларының әкімдіктерімен бірлесіп ұйымдастырды.
Жалпы, Мемлекет басшысының қолдауымен мәдениет саласының қызметкерлеріне 260 пәтер берілді. Бұл шаралар мамандардың әлеуметтік қорғалуын арттыруға, білікті кадрларды тұрақтандыруға және мәдениет саласындағы мамандықтардың беделін көтеруге бағытталған.

