Зайсан ауданы Біржан ауылдық округіне қарасты Қуаныш ауылының тұрғындары «Ішімдіксіз ауыл» республикалық бастамасына қосылу туралы шешім қабылдады. Аталған шешім елді мекен тұрғындарының жалпы жиналысында бірауыздан қабылданды.
— Бұл — ауданда ресми түрде тіркелген үшінші «салауатты ауыл». Осы бастама құқық бұзушылықтардың, оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған. Қазіргі уақытта Қуаныш ауылында 80-нен астам үйде шамамен 370 адам тұрады. Қабылданған шешім жастар арасында салауатты өмір салтының қалыптасуына ықпал етпек, — деп хабарлады ШҚО полиция департаментінен.
Осылайша, Қуаныш ауылы Шығыс Қазақстан облысы бойынша ресми түрде ішімдіктен бас тартқан 22-ші елді мекен болып отыр.
