Шығыс Қазақстан облысында Энергетиктер күніне орай салтанатты жиын өтті. Оған аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
— Энергетика саласының қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл саланың барлық уақытта мемлекеттің тұрақты дамуын қамтамасыз етуде және қоғамның әл-ауқатын арттыруда стратегиялық маңызы бар. Күн сайын, жыл мезгіліне және ауа райы жағдайларына қарамастан, сіздер жоғары жауапкершілікпен кәсіби міндеттеріңізді атқарып, халықты энергиямен қамтамасыз етіп келесіздер, — деді облыс әкімі.
Шығыс Қазақстанда 2031 жылға дейін жалпы қуаты 670,6 МВт болатын жаңа энергетикалық нысандарды іске қосу көзделген. Оның ішінде 148,6 МВт жаңартылатын энергия көздері есебінен қамтамасыз етілмек.
Өңірде энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту және дамыту мақсатында бірқатар жоба қолға алынған. Жалпы қуаты 1 322 Гкал/сағатты құрайтын жылу көздерін салу және жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдауға да ерекше көңіл бөлінген. Республика бойынша алғаш рет «Шығыс маманы» бағдарламасы іске асырылуда. Соның аясында энергетика саласының мамандарына 2024 жылы 18 пәтер, ал 2025 жылы 19 пәтер
жеңілдетілген несие шарттарымен сатылды.
Салтанатты шара барысында сала үздіктері «Электр энергетикасы саласына қосқан үлесі үшін» медалімен, «Құрметі энергетик» төсбелгісімен, ҚР Энергетика министрлігінің Құрмет грамотасымен және Шығыс Қазақстан облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

