Тарбағатай ауданында жүргізілген профилактикалық іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері Жаңалық ауылында қоқыс жинауға арналмаған жерде заңсыз қоқыс үйіндісінің пайда болғанын анықтады.
— Елді мекендердің тазалығы тек тұрғындардың жауапкершілігіне ғана емес, бекітілген аумақтардағы тәртіпке жауапты мамандардың жұмысына да байланысты. Анықталған заңбұзушылыққа байланысты Ақжар ауылдық округі әкімі аппаратының абаттандыру қағидаларының сақталуына жауапты маманына әкімшілік шара қабылданды, — деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінен.
Осы ретте, полицейлер абаттандыру қағидаларын сақтау тек тұрғындардың ғана емес, жауапты лауазымды тұлғалардың да міндеті екенін еске салды.
— Заңсыз қоқыс үйінділерінің пайда болуына жол бермеу, елді мекендердің тазалығы мен санитарлық жағдайын сақтау – тұрақты назар аударуды талап ететін мәселе. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады, — делінген ақпаратта.

