Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Оған қала, аудан әкімдері, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары қатысты. Жиын барысында 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық пен егін жинау науқанының барысы және жолдарды қысқы күтіп ұстауға дайындау туралы сөз етілді.
ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Наурызбай Сармурзиннің айтуынша, биыл өңір бойынша 44,7 шақырым жылу желілері жаңғыртылып жатыр. Бұл тозу деңгейін 3,5%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жылу электр орталықтарының дайындығы 98%, оның ішінде қазандықтар 99%, турбоагрегаттар 97% құрайды. 737 шақырым электр желілерінде, 49 қосалқы станцияда және 91 трансформаторлық қосалқы станцияларда жоспарланған күрделі жөндеу жұмыстары толық көлемде аяқталды.
«Қала және аудан әкімдіктерінің ақпаратына сәйкес, облыстағы 3 мыңнан астам көпқабатты тұрғын үйдің дайындығы 100% құрайды. Бюджеттік ұйымдар да толықтай әзір. «Өскемен ЖЭО» ЖШС-де 8 қазанагрегаты мен 8 турбоагрегатта жөндеу жұмыстары аяқталды. №15 қазандықтағы жөндеу жұмыстары аяқталу сатысында. Облыс тұйықтарында 13,4 мың тонна көмір бар. Жылу көздері үшін 650 мың тонна көмір жеткізілді», — деді Наурызбай Сармурзин.
Глубокое, Алтай және Катонқарағай аудандарында жылыту маусымы 1 қазанда басталады деп күтілуде. Ал Өскемен қаласында, Зайсан, Күршім, Ұлан, Марқакөл, Үлкен Нарын және Шемонаиха аудандарында маусымды 5 қазаннан бастау жоспарланған.
Жиын барысында ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дамир Мамиев биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 611,1 мың гектардан жиналатынын мәлім етті. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 5,5 мың гектарға артып отыр.
«Облыста егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін 1445 астық жинайтын комбайн және 9500-ден астам трактор тартылды. Осы жылдың өніміне жасалған шарттарға сәйкес 60,2 мың тонна минералды тыңайтқыштар енгізілді. Егін жинау жұмыстарын жүргізуге Павлодар мұнай химия зауытынан аймақтың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне 19 мың тонна жеңілдікті дизель отыны бөлінді», — деді ол.
ШҚО Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Айжан Құмарованың айтуынша, жолдар мен елді мекендердің көшелерін қысқы күтіп-ұстауды қамтамасыз ету мақсатында облыс бойынша 800 техника қалалар мен аудандарға бөлініп берілді.
«Облыстық маңызы бар автокөлік жолдарына «ОблШығысЖол» ЖШС қызмет көрсетеді. Кәсіпорында 120-ға жуық қар тазалау техникасы бар. Қажетті персоналмен және техникамен жасақталған жедел ден қою жасағы құрылды. Сонымен қатар климаттық жағдайлары күрделі учаскелерде төрт жол-пайдалану пункті және төрт жылыту пункті жұмыс істейді. Барлық дайындық шараларын 15 қазанға дейін аяқтау жоспарланып отыр», — деді басқарма басшысының орынбасары.
Нұрымбет Сақтағанов қалалар мен аудандар әкімдеріне жылу көздері мен жылу желілеріндегі жөндеу жұмыстарын толық аяқтап, тұрғындар үшін көмірді 1 қарашаға дейін 100%-ға дайындау міндетін қойды.
«Облыстың жылу көздері бойынша алдағы жылыту маусымына дайындық паспорттары 15 қазанға дейін дайын болуы тиіс. Жылыту маусымындағы кез келген кемшілік кешірілмейді. Осыны қаперден шығармаңыздар. Ал егін жинау науқанын қыс мезгілі басталғанға дейін толық аяқтауымыз керек. Сондай-ақ 15 қазанға дейін республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автокөлік жолдарын қысқа дайындауды аяқтауымыз қажет», — деді облыс әкімі.

