ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Польша Республикасының Қазақстан Республикасындағы Уақытша сенімді өкілі Михал Лабендамен ресми кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар бірлескен жұмыстың қол жеткізген нәтижелерін және серіктестікті одан әрі нығайтудың әлеуетті бағыттарын талқылады.
«Біздің өңір жаңа бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ашық. Өзара ынтымақтастыққа деген қызығушылықтың артып келе жатқанын нақты көрсеткіштерден де көруге болады. Әсіресе агроөнеркәсіптік кешенге қызығушылық жоғары. Біз инвесторларға қажетті қолдау көрсетіп, Шығыс Қазақстан аумағында бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасауға дайынбыз», — деді облыс әкімі.
Өз кезегінде Михал Лабенда өңірдің жоғары экономикалық әлеуетін атап өтті.
«Польша Шығыс Қазақстанды сенімді әрі стратегиялық маңызы бар серіктес ретінде қарастырады. Біз сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін тұрақты жеткізуге ғана емес, екі ел кәсіпорындары арасындағы өнеркәсіптік және технологиялық ынтымақтастықты кеңейтуге де мүдделіміз», — деді ол.
Сауда айналымындағы негізгі көрсеткіштер:
Биыл қаңтар-шілде айларында Шығыс Қазақстан мен Польша арасындағы тауар айналымы шамамен 4,9 млн АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 109% көрсеткішке тең (Былтырғы осы кезеңдегі тауар айналымы 4,4075 млн доллар болған).
Шығыс Қазақстаннан экспорт көлемі 117%-ға өсіп, 2,5 млн доллардан асты (2025 жылы бұл көрсеткіш 2,17 млн доллардан астам болған).
Экспорттың негізгі бөлігін:
— Зығыр тұқымы — 40%;
— Рапс (немесе кольза) тұқымы — 39%;
— Өсімдік тектес материалдар — 14% құрайды.
Польшадан импорт көлемі 2,2796 млн долларды құрады. Бұл өткен жылғы көрсеткіштің 101%-ына сәйкес келеді (2025 жылы импорт көлемі шамамен 2,24 млн доллар болған).
Өңір Польшадан негізінен:
— Полиацетальдар, полиэфирлер және эпоксидті шайырлар — 14%;
— Синтетикалық полимерлер негізіндегі бояулар мен лактар — 12%;
— Құю қалыптарына арналған дайын байланыстырғыш заттар және химиялық өнімдер — 9,5% импорттайды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ашық диалогты жалғастыруға және Шығыс Қазақстан мен Польша бизнес-қоғамдастықтары арасында тікелей байланыс орнатуға жәрдемдесуге уағдаласты.

