Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Үлкен Нарын ауданының тұрғындарымен есеп беру кездесуінде айтты.
— Ауданның жол желісінің ұзындығы 282,2 шақырымды құрайды. Биыл жалпы ұзындығы 28 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көкбастау ауылында ұзындығы 5 шақырым болатын сумен қамту желілері, тазартылған суды сақтауға арналған екі резервуар және су алу құрылыстары салынады. Қазіргі уақытта магистральдық құбырдың 2,2 шақырымы төселіп, тазартылған су резервуарларын салу және ұңғымаларды бұрғылау жұмыстары жүргізілуде. Жоба іске асырылғаннан кейін Көкбастау ауылы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіледі, — деді аймақ басшысы.
Алдағы жылыту маусымына дайындық ерекше бақылауда. Ауданда автономды қазандық пен бюджеттік ұйымдар нысандары жылыту маусымына толық дайын. Үлкен Нарын ауылында ұзындығы 9,9 шақырым болатын жылу желілерін қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
— Үлкен Нарын ауданында өткен жылы көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік тұрғыда осал топтарына арналған бағдарлама аясында бірқабатты 2 пәтер сатып алынды, биыл жалпы ауданы 1,3 мың шаршы метр болатын 30 пәтерлік тұрғын үй салынуда, — деді Нұрымбет Сақтағанов.
Облыс әкімі жыл соңына дейін үйлердің құрылысын аяқтауды және аудандағы тұрғын үй құрылысының көлемін одан әрі ұлғайту шараларын қабылдауды тапсырды.
— Үлкен Нарын ауданында 20 елді мекеннің 18-і немесе халықтың 97,5%-і интернетпен қамтылған. Үштөбе ауылында 2027 жылдың соңына дейін «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында мемлекеттік мекемелерге талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту арқылы интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету жоспарланған.
Ал Жұлдыз ауылында OneWeb қоғамдық қолжетімділік нүктесін орнату жұмыстарын осы жылдың қазан айының соңына дейін аяқтау көзделген, — деді аймақ басшысы.

