Өскеменде «Жаңа Конституция: Әділетті Қазақстанның негізі» атты дөңгелек үстел өтті. Жиынға аймақ басшылығы, ғылыми зиялы қауым, саяси партиялар мен сарапшылар қоғамдастығының өкілдері және қоғамдық пікір көшбасшылары қатысты. Басқосуға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов модераторлық етті.
Аймақ басшысы дөңгелек үстелді аша отырып, бұл кездесудің ҚР Жаңа Конституциясының күшіне енуі қарсаңында өтіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл құжат негізгі заңның үстемдігіне, мемлекеттің азаматтар алдындағы жауапкершілігіне, заң мен ұлттық мүдделердің басымдығына негізделген мемлекеттік басқарудың жаңартылған моделіне көшуді білдіреді.
– Конституция – тек мемлекеттік биліктің құқықтық негізі ғана емес, бұл қоғамдық келісімнің іргетасы, ел дамуының алдағы онжылдықтарға арналған құндылықтар жүйесі мен стратегиялық бағдары, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Кездесудің басты тақырыбы Жаңа Конституцияның тиімді мемлекеттік басқаруды дамытудағы, заңдылықты нығайтудағы, қоғамдық сенім мен өңірлердің тұрақты дамуындағы рөлі болды. Сарапшылар жаңа нормалардың өмірде қалай жұмыс істеуі керектігін және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға қалай ықпал ететінін талқылады.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Конституцияның маңызы заңдық құжат аясынан әлдеқайда кең екенін қадап айтты. Ол саяси тұрақтылықтың, қоғамдық сенімнің және мемлекеттің тұрақты дамуының негізін қалайды.
Нұрымбет Сақтағанов «Заң мен Тәртіп» қағидасына ерекше тоқталды. Оның пайымдауынша, бұл қағида қоғамдық өмірдің бұлжымас нормасына айналуы тиіс. Бұл принципті жүзеге асыру заң алдындағы баршаның теңдігін, мемлекеттік институттардың ашықтығын, лауазымды тұлғалардың дербес жауапкершілігін және шешімдердің міндетті түрде орындалуын көздейді.
– Жаңа Конституцияның тиімділігі нормативтік актілердің көлемімен емес, олардың мемлекеттік басқару, экономика және әлеуметтік сала жүйесінде шынайы өмірде қаншалықты көрініс табуымен айқындалады, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Әкімнің айтуынша, бұл процесте өңірлерге ерекше жауапкершілік жүктеледі. Себебі тұрғындар күнделікті өмірде мемлекеттік басқарудың сапасын, қызметтердің қолжетімділігін, инфрақұрылымның дамуын және әлеуметтік әділдікті дәл осы аймақтарда бағалайды. Нұрымбет Сақтағанов атап өткендей, бұл Шығыс Қазақстан облысы үшін стратегиялық маңызға ие. Өйткені өңір еліміздің негізгі индустриялық орталықтарының бірі болып қала береді. Мұнда тау-кен металлургия кешені, энергетика, машина жасау, ауыл шаруашылығы, ғылым мен білім жақсы дамыған.
Аймақ басшысы облыстың шекаралас орналасуы халықаралық ынтымақтастықты, логистиканы дамытуға, инвестиция тартуға және экспорттық әлеуетті нығайтуға қосымша мүмкіндіктер ашатынын жеткізді.
– Реформаларды сәтті жүзеге асыру азаматтардың белсенді қатысуынсыз мүмкін емес. Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары әдеттегідей жоғары азаматтық жауапкершілік, бірлік пен жасампаздық танытып, Жаңа Конституция ережелерін сәтті іске асыруға және қуатты, әділетті әрі гүлденген Қазақстанды одан әрі дамытуға лайықты үлес қосатынына сенімдімін, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Сарапшылар конституциялық өзгерістердің басқару, құқықтық жүйе, азаматтардың құқықтарын қорғау, білім беру, жастар саясаты және жергілікті деңгейде қалай жұмыс істеуі керектігі туралы баяндама жасап, өз пікірлерін білдірді.
Аяужан Әшімова, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы республикалық үйлестіру кеңесінің мүшесі – «Жаңа Конституция: тарихи маңызы және реформалардың негізгі бағыттары». Оның баяндамасы талқылаудың жалпы саяси-құқықтық мәнін айқындап берді: Ата заңның жаңаруы тек мемлекеттік органдар үшін емес, бүкіл қоғам үшін маңызды. Ол азаматтар мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтуға тиіс реформалар бағытына назар аударды.
Юлия Гаврилова, заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, ҚАЕУ-дің ғылыми жұмыс және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жөніндегі проректоры – «Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясының күшіне енуі: негізгі новеллалар және ұлттық құқықтық жүйені дамыту перспективалары». Ол реформалардың құқықтық қырын ашып, Жаңа Конституция енгізетін өзгерістер мен олардың ұлттық құқық жүйесін одан әрі дамытуға қалай әсер ететінін түсіндірді.
Гүлмира Бәйіркенова, С. Аманжолов атындағы ШҚУ профессоры, заң ғылымдарының кандидаты – «Заң үстемдігі және азаматтардың құқықтарын қорғаудың жаңа тетіктері». Баяндамада кез келген конституциялық реформаның негізгі сұрағына басымдық берілді: адам өз құқықтарын қалай қорғай алады және мемлекет бұл үшін қаншалықты тиімді тетіктер жасап отыр?
Серік Мизанбеков, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ШҚО бойынша өкілі. Оның қатысуы талқылаудың құқық қорғау блогын күшейтті. Дөңгелек үстел аясында адам құқықтарын қорғау өңірлік деңгейдегі конституциялық өзгерістерді іске асыру кезіндегі басты бағдарлардың бірі болуы тиіс екені сөз болды.
Сәуле Рахметуллина Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры – «Конституциялық реформаларды іске асырудағы және Әділетті Қазақстанды қалыптастырудағы жоғары оқу орындарының рөлі». Бұл блокта назар білім беру саласына аударылды. Университеттер тек маман даярлайтын орын емес, құқықтық мәдениетті, азаматтық жауапкершілікті және Әділетті Қазақстан құндылықтарын қалыптастыратын институттар ретінде қарастырылады.
Анжела Горностаева қалалық мәслихат депутаты – «Жергілікті деңгейде шешімдер қабылдауға азаматтардың қатысуын кеңейту». Бұл тақырып реформалардың қала, аудан және ауылдарда қалай сезілетінімен тікелей байланысты. Шешім қабылдауға халықтың қатысуы инфрақұрылым, қызмет көрсету, қоғамдық кеңістік пен аумақтарды дамыту сияқты күнделікті өмірге әсер ететін мәселелерді реттеуге мүмкіндік береді.
Қайнар Жексембаев С. Аманжолов атындағы ШҚУ сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметінің комплаенс-офицері – «Конституциялық құндылықтар жастар көзімен: жауапкершілік, азаматтық және патриотизм». Жастар блогы талқылаудың маңызды бөлігіне айналды, себебі реформалардың тұрақтылығы тек мемлекеттік органдардың шешімдеріне ғана емес, жаңа буынның жауапкершілікті, заңдылықты және ел өміріне араласуды қалай қабылдайтынына байланысты.
Қаншай Қалиева Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты – «Әділетті Қазақстан: тарихи жады мен тарихи-мәдени мұраны сақтаудың конституциялық негіздері». Оның баяндамасы конституциялық реформаларды тарихи жадымен және мәдени мұрамен байланыстырды. Бұл тұрғыда Әділетті Қазақстан тек саяси-құқықтық жоба ғана емес, сонымен бірге сабақтастықты, тарихқа және мәдени бірегейлікке құрметті сақтайтын маңызды кеңістік ретінде қарастырылады.
Осылайша, дөңгелек үстелдің сараптамалық бөлігі бір уақытта бірнеше бағытты қамтыды: құқықтық жаңалықтар, азаматтардың құқықтарын қорғау, жоғары оқу орындарының рөлі, тұрғындардың жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысуы, жастар құндылықтары және тарихи-мәдени мұраны сақтау. Жаңа Конституция мемлекет, өңірлер және қоғам үшін практикалық бағдар ретінде жұмыс істеуі тиіс. Шара соңында қатысушыларға ҚР Жаңа Конституциясы табыс етілді.

