Шығыс Қазақстан облысында шошқа өсірумен айналысатын «ВК-Бекон» ЖШС-ға қатысты тексеру жүргізілді.
ШҚО Экология департаментінің мәліметіне сүйенсек, азаматтардың өтінішінен кейін мамандар шошқа фермасында экологиялық заңнама талаптарының қаншалықты сақталатынын анықтау үшін жоспардан тыс тексеру жүргізді.
— «ВК-Бекон» ЖШС шамамен 8 мың бас шошқаны өсіру, ұстау және көбейту бағытында жұмыс істейді. Тексеру барысында бірқатар заңбұзушылық анықталды. Атап айтқанда, жобада көзделген қалдықтарды сусыздандыруға арналған құрылыстардың болмауы, ағынды суларды рұқсатсыз төгу фактілері және қалдықтарды жабдықталмаған алаңдарға жинау жағдайлары тіркелді, — делінген ақпаратта.
Соның нәтижесі бойынша экологиялық заңнаманы бұзған кәсіпорын ҚР ӘҚБтК-нің 332, 344, 325, 327-1 және 328 баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Материалдар ары қарай қарау үшін Өскемен қаласының әкімшілік сотына жолданды.

