Шығыс Қазақстан облысы Үлкен Нарын ауданында су құбыры жарылған жерде апатты қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатып көз жұмған 2 жұмысшыға қатысты қызметтік тергеу аяқталды.
«Нарын КомХоз Сервис» коммуналдық кәсіпорнының екі қызметкері – 42 жастағы дәнекерлеуші Ержан Айтпаев және 55 жастағы темір ұстасы Сергей Кастерин опырылған топырақ астында қалып қаза болған еді.
Тергеу барысында еңбек қауіпсіздігі талаптарының өрескел бұзылғаны анықталды. Жұмыс беруші кінәлі деп танылып, оған қатысты қылмыстық іс қозғалды.
— Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс беруші қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын қорғауға міндетті. Ол топырақтың және техниканың жағдайын алдын ала тексеріп, барлық қауіпті фактор көрсетілген арнайы рұқсатнама-нұсқаулық дайындауы тиіс еді. Әр қызметкер бұл құжатпен танысып шығуы қажет. Егер қауіпсіздік талаптарына сәйкессіздік анықталса, жұмыс бірден тоқтатылуы керек болатын, — деді ШҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Кизатов.