Шығыс Қазақстан облысында елді мекендер мен туризмді дамыту аясында Катонқарағай ауданында этноауыл мен этноқонақүй, ал облыс орталығында этномейрамхана мен этнокофехана салу жоспарланып отыр. Бұл туралы өңір әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
— Атап айтқанда, инвесторлардың көмегімен «Сандық» этномейрамханасы мен «TARY» этнокофеханасын салу көзделуде. Этномейрамхананың ашылуы ұмыт болған дала асханасының рецептерін қайта жаңғыртуға, пайдалы тағамдарды әзірлеу дағдыларын дамытуға және жалпы халықтық дәстүрлердің тереңіне үңілуге мүмкіндік береді, — делінген ақпаратта.
Ал қазақ асханасына тән этнокофехананың ашылуы – өзінің мақсат-міндеттері бойынша мүлде жаңа жоба. Бұл жоба пайдалы сусындарды дайындауға бағытталған. Мәселен, кофе дәндерінің орнына өңделген тары, Шығыс Қазақстанның жидектері мен шөптері пайдаланылатын болады.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, облыста отандық және шетелдік туристерді тартуға қолайлы жағдай жасау мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.