Осыған қатысты сот ісі Өскемен қалалық №2 сотында қаралды. Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі ШҚО филиалының басшысы болған сотталушыға ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша (Қызметтік бабын пайдалана отырып жасалған алаяқтық) айып тағылды.
— Ол Т. есімді азаматты жұмысқа филиал бақылаушысы лауазымына алған. Алайда ер адам ешқандай жұмыс істемеген. Ал оның ай сайынғы жалақысын филиал басшысы алып отырды. Осының салдарынан мемлекетке келтірілген шығын зейнетақы жарналарын есепке алғанда 2 734 881 теңге болды, — деп хабарлады соттың баспасөз қызметінен.
Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкінетіндігін айтып, мемлекетке келтірілген залалды толықтай өтеді.
Сот шешімімен «Қазселденқорғау» мекемесі ШҚО филиалының экс-басшысы 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығын өмір бойына жоғалтты.