7 сәуір күні Шығыс Қазақстан облысында тәртіп сақшыларына кәмелет жасына толмаған 3 баланың таңертең мектепке кетіп, кейіннен оралмай, жоғалып кеткені туралы хабар түскен.
— Дереу іздестіру жұмыстары ұйымдастырылып, оған жеке құрам, қызметтік иттері бар кинологтар және дрондар жұмылдырылды. Іздестіру шаралары бір тәуліктен астам уақытқа созылды. Полицейлер олар баруы мүмкін деген жерлерді қарап, туыстарынан, достарынан, жаяу жүргіншілерден сұрастырып, айналадағы аудандар мен қаңырап қалған ғимараттарды да тексерді, — деп хабарлады ШҚО ПД баспасөз қызметінен.
Бүгін жасөспірімдерді патрульдік полицейлер гараж кооперативіне жақын маңнан тапты. Ең бастысы, олардың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төнген жоқ.
Тәртіп сақшылары көмек көрсеткен барлық азаматтарға алғыс білдіріп, ата-аналарды балаларының бос уақыты мен араласатын ортасына мұқият болуға шақырды.