Өскемен қаласында тәртіп сақшылары жолдарды қызметтік емес көлікпен жасырын камера арқылы патрульдей бастаған болатын. Бұл жобаның ары қарай жалғасатын-жалғаспайтынын біліп көрдік.
Өскеменде 1 ақпаннан бастап сынақ режимінде көше патрульдеудің жаңа әдісіне көшкен полицейлер жұмысқа қызметтік емес көлікпен шыққан.
Көліктің алдыңғы орындығына роботқа ұқсайтын, жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін тіркейтін автоматты жүйе орнатылды. Жасырын патрульдеу арқылы жол-көлік оқиғаларының саны азаяды деп жоспарланған.
— Бұндағы басты мақсат — жүргізушілердің жол ережелерін сақтау көрсеткішін жақсарту. Қазіргі уақытта жылдамдықты арттырғандарды тіркейтін бір көлік жолда жүр. Десе де ереже бұзғандар тек сынақ режимінде тіркелді. Жүргізушілер әлі жауапкершілікке тартылған жоқ, — деп хабарлады сол кезде ШҚО Полиция департаментінен.
Тұрғындар арасында бұл жобаны қолдайтындарын да, даттайтындар да кездесті. Бірі соның нәтижесінде жолда тәртіп күшейеді десе, басқалары халыққа жаппай айыппұл салына бастай ма деп үрейленеді.
Жасырын патрульдеудің ары қарай жалғасатынын немесе осымен тоқтайтынын білу үшін полицияға ресми сауалхат жолдадық.
— Өскемен қаласының аумағында сынақ режимінде «Жасырын патрульдеу» жұмысы жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта жылдамдықты арттырған көліктерді тіркеу құрылғысы бар бір автокөлік көшеде жүр. Бірінші тоқсанның соңына дейін облыс бойынша мұндай патрульдердің санын 4-ке дейін ұлғайту көзделіп отыр, — деп жауап берді Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков.
Алайда әзірге бұл жобаның көрсеткіштері жария етілмеді. Көліктер санының көбейтіліп жатқанына қарағанда жасырын патрульдеу алдағы уақытта да жалғаса беретін секілді.