Қала бойынша 17 ақпаннан бері жел соқпай, көшелерді түтін басып тұр. Қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасқандықтан тұрғындарға далада ұзақ жүрмей, пәтердегі терезелер мен желдеткіштерді жауып, қайнатылған, тазартылған немесе газсыз минералды су мен шайды жиі ішу ұсынылған.
— Өскеменде 19 ақпан сағат 20.00-ден бастап 20 ақпан сағат 20.00-ге дейін екінші дәрежелі қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасады, — деп хабарлады «Қазгидромет» РМК-дан.
Демек, ертеңге дейін қала ішін түтін басып тұрмақ. Дәл қазіргі уақытта ауаға тарайтын үш зат бойынша рұқсат етілген шектен асып түсу фактісі тіркелді. Атап айтқанда, күкіртті сутегі (1,925 есе), көміртегі тотығы (1,793 есе), күкірт диоксиді (1,594 есе).