Елімізде мәдениет, әдебиет қайраткерлері мен шығармашыл жастарды қолдауға бағытталған кешенді шаралар жалғасып жатыр. Бұл тек байқаулар мен дипломдар ғана емес, сонымен қатар сыйлықтар, гранттар, стипендиялар, оқу мен тағылымдамаларды да қамтиды.
Президенттің арнайы әдеби сыйлығы: 2023 жылдан бастап елімізде жас жазушылар мен ақындарға арналған Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы әдеби сыйлығы беріліп келеді. Қазірдің өзінде 12 автор оның лауреаты атанып, берілген сыйлықтардың жалпы сомасы 50 миллион теңгені құрады. Марапат төрт бағыт бойынша беріледі: проза, поэзия, драматургия және балалар әдебиеті.
«Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы: әдебиет өкілдерін ынталандыру мақсатында бұл сыйлықты тапсыру да жалғасып келеді. 2022 жылдан бері 28 әдебиетші оның лауреаты атанып, жалпы жүлде қоры 140 миллион теңгені құрады. Сыйлық қазіргі әдебиеттің негізгі жанрларын, соның ішінде проза, поэзия, драматургия, көркем аударма, балалар әдебиеті, әдеби сын және комикс жанрын қамтиды.
Ұлттық кітап күні: мемлекет кітап оқуды танымал етуге ерекше көңіл бөлуде. 2025 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен алғаш рет жалпыұлттық деңгейде Ұлттық кітап күні атап өтілді. Ел бойынша 300-ге жуық іс-шара өтті. Сондай-ақ тоғыз номинациядан тұратын «Ұлттық кітап» байқауы ұйымдастырылып, «Жыл кітабы» бас жүлдесі сарапқа салынды.
Жас жазушыларды қолдау: шығармашылықты дамыту мақсатында 2024–2025 жылдары 40 автор арнайы гранттарға ие болды. Осы жұмыстың нәтижесінде олардың кітаптары жарық көрді. Бұдан бөлек, Жұмысшы мамандықтары жылы аясында «Ерлік пен еңбек дастаны» шығармашылық байқауы өткізіліп, оның жеңімпаздары ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Талантты жастарды қолдаудың негізгі құралдарының бірі – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы. Ол ғылым, шығармашылық және спорт саласындағы жетістіктер үшін беріледі. Бүгінгі таңда бұл сыйлық лауреаттарының саны 380 адамға жетті. Иегерлерге диплом, төсбелгі және бір миллион теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталады.
2021 жылдан бастап Мемлекет басшысының бастамасымен жыл сайын үш миллион теңге көлемінде «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты беріліп келеді. Ол белсенді шығармашыл жастардың жаңа идеялары мен бастамаларын қолдауға бағытталған. Осы кезеңде бұл грантқа 153 адам ие болды.
Жыл сайын 75 мәдениет қайраткеріне мемлекеттік стипендиялар беріледі. Ағымдағы жылдан бастап оның көлемі екі есеге артып, бес миллион теңгені құрады.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Асыл мұра» ұлттық сыйлығы тағайындалуда. Ол дәстүрлі өнер шеберлерін қолдауға және ұлттық мәдени мұраға деген қызығушылықты арттыруға бағытталған. Марапат Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұсынысы бойынша Президент Жарлығымен ең талантты мәдениет және өнер қайраткерлеріне беріледі.
Сонымен қатар, ведомство шетелде танылған мәдениет өкілдерін ынталандырудың жаңа тетігін дайындап жатыр. Республикалық іріктеу ережелері қазірдің өзінде әзірленді. Оның қорытындысы бойынша кемінде он мемлекет өкілдері қатысқан халықаралық байқаулар мен фестивальдердің жеңімпаздары мен лауреаттары сыйлықтармен марапаттала алады.
Марапаттарды бірнеше бағыт бойынша беру жоспарлануда:
музыка;
театр;
хореография және балет;
бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер;
кинематография және анимация.
Қазіргі уақытта бұл шараны 2027 жылдан бастап республикалық бюджеттен қаржыландыру мәселесі қарастырылып жатыр.
Бұған қоса, жоғары нәтижелерге қол жеткізген қатысушылар мен олардың тәлімгерлері ақшалай сыйлықтар, гранттар, ведомстволық наградалар мен арнайы төлемдер ала алады. Мұндай қолдаудың көлемі мен тәртібі іс-шараның деңгейіне, мекеменің мәртебесіне және уәкілетті немесе жергілікті атқарушы органдардың шешімдеріне байланысты болады.
Отандық мәдениетті дамытуға елеулі үлес қосқан мәдениет және өнер қайраткерлері жыл сайын мемлекеттік наградаларға ие болады. 2026 жылы Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай 120 азамат марапатталды.
Жас таланттарды қолдау шығармашылық мектептер, гранттық бағдарламалар, байқаулар, фестивальдер, білім беру жобалары мен стипендиялар арқылы да жүзеге асырылады. Бұл жұмыста қоғамдық және қайырымдылық қорлары, сондай-ақ шығармашылық одақтар маңызды рөл атқарады.
Назар аударарлық мысалдардың бірі – 2024 жылы «BIRLIK» көпұлтты ән-би ансамблінің құрылуы. Арнайы кастинг қорытындысы бойынша ұжымға Қазақстанның түрлі этнос өкілдері арасынан 20 үздік биші мен музыкант қабылданды.
Шығармашыл жастар үшін Креативті индустрияларды дамыту қоры қосымша мүмкіндіктер ашады. Оның жұмысы таланттарды қолдауға, инвестиция тартуға, инфрақұрылымды дамытуға және қазақстандық креативті өнімдерді сыртқы нарықтарға шығаруға бағытталған. Қор сонымен қатар еліміздің барлық облыс орталықтарындағы өңірлік хабтардың қызметін үйлестіреді.
Қазақстандық шығармашыл жастар әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында «Болашақ», Erasmus+, DAAD, Fulbright, Chevening және басқа да халықаралық бағдарламалар бойынша білім ала алады.
«Болашақ» стипендиясы аясында «Креативті индустриялар, шығармашылық, өнер» бағыты бойынша жыл сайын әлемнің жетекші шығармашылық жоғары оқу орындарының магистратура бағдарламаларына қабылдау жүргізіледі. Олардың қатарында Royal Conservatoire of Scotland, University of Reading, Regent London, Stanford University, New York Film Academy және т.б. бар.
Бұдан бөлек, «Болашақ» бағдарламасы мәдениет қызметкерлеріне арналған тағылымдамаларды, сондай-ақ шығармашылық жоғары оқу орындарының оқытушыларына арналған ғылыми тағылымдамаларды қарастырады. Бұл олардың біліктілігі мен зерттеу деңгейін арттыруға септігін тигізбек.
Басым мамандықтар тізіміне мыналар кіреді:
арт-менеджмент, актерлік өнер, музыка және вокал;
дирижёрлік, дизайн, сәндік және бейнелеу өнері;
кескіндеме, мүсін, операторлық өнер;
режиссура, продюсерлік, театр, кино және теледидар;
анимация және өнертану.
Үкімет жас орындаушылар үшін фестивальдер мен байқаулар, соның ішінде скрипкашылардың, пианистердің, балет артистерінің, вокалистер мен дәстүрлі орындаушылардың халықаралық жарыстарын өткізеді. Мұндай алаңдар жастардың шығармашылық әлеуетін ашуға және кәсіби тұрғыдан өсуіне көмектеседі.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында қазақстандық артистер беделді халықаралық байқаулар мен фестивальдерде өнер көрсетіп жүр. Бірқатар шығармашылық жарыстардың, соның ішінде Бибігүл Төлегенова атындағы байқаудың, Пётр Чайковский атындағы байқаудың, Екатерина Максимова атындағы «Арабеск» байқауының, «Витебскідегі Славян базарының», сондай-ақ World Dance Council, World DanceSport Federation және International Dance Sport Union турнирлерінің жеңімпаздарына гранттар мен шығармашылық жоғары оқу орындарына байқаусыз түсу құқығы беріледі.
Осылайша, қолдау жүйесі бірден бірнеше бағытты қамтиды: әдебиет, музыка, театр, балет, кино, дәстүрлі өнер, креативті индустриялар және халықаралық білім беру. Жас авторлар мен артистер үшін бұл тек өзін танытып қана қоймай, өсудің нақты құралдарына ие болу мүмкіндігі.

