Бүгін Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде өткен жиналыс барысында аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов қоқысты уақтылы шығару мәселесін көтерді. Өскемен, Риддер қалалары мен Алтай, Зайсан, Шемонаиха аудандарында стихиялық қоқыс үйінділері анықталған.
«Әлеуметтік желіде қоқыс контейнерлерінің шамадан тыс толып кеткені туралы деректер жиі жарияланып жатыр. Кейбір контейнерлер бірнеше апта бойы тазартылмаған. Бұл қолданыстағы контейнерлер санының жеткіліксіз екенін көрсетеді. Осыған байланысты қолданыстағы нормативтерді қайта қарап, контейнерлер санын арттыру қажет», — деді облыс әкімі.
Сонымен қатар тұрғындардың едәуір бөлігі тіркеуге отырмаған. Бұл қоқыс шығару жүйесін жоспарлау кезінде ескерілмей, жүйеге қосымша жүктеме түсіруде.
Нұрымбет Сақтағанов халық арасында қалдықтарды басқару ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, қоқыс шығару қызметін көрсететін компаниялармен келісімшарт жасауды толықтай қамтамасыз ету қажеттігін жеткізді. Бұдан бөлек, тіркеусіз тұратын азаматтарға қатысты бақылауды күшейтіп, бұл іске полиция қызметкерлерін тарту керектігін айтты.
«Қала және аудан әкімдері бір апта ішінде барлық қоқыс үйінділерін жоюы тиіс. Қоқыс шығару кестесінің қатаң сақталуын қамтамасыз ету керек. Қайталанған фактілер бойынша талдау жүргізіп, айыппұл салып, қажет болған жағдайда мердігерлермен шарттарды бұзыңыздар. Енді ешқандай сылтау қабылданбайды. Тәртіп орнатыңыздар!», — деді облыс әкімі.

