Өскемен қаласында ауа сапасына қатысты тексеру жүргізген мамандар зиянды заттар шығарындысы рұқсат етілген шектен асып кеткенін анықтады.
«Қазгидромет» РМК Шығыс Қазақстан облыстық филиалының мәліметіне сүйенсек, 8 сәуірде Өскемен қаласында атмосфералық ауа сапасына мониторинг жүргізілді. Соның нәтижесінде, 3 зиянды заттың мөлшері шекті деңгейден асып кеткені анықталып отыр.
— Нақты айтқанда, күкіртсутектің мөлшері шекті нормадан 2,050 есе, күкірт диоксиді бойынша 1,995 есе және азот диоксидінің деңгейі 1,017 есе асқан. Бүгін қалада қолайсыз метеорологиялық жағдай (ҚМЖ) қалыптасқан болатын. Ал ертең жел соғады деп күтіліп отыр, — делінген ақпаратта.
Айта кетейік, облыс бойынша ҚМЖ кездерінде кәсіпорындар ауаға тарайтын зиянды заттар мөлшерін азайтуы тиіс.

