Шығыс Қазақстан облысында 23 наурыздан бастап ауыр жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеулер енгізіледі. Бұл шектеу 1 мамырға дейін созылып, көктемгі қар еру кезеңінде жол жамылғысын сақтау мақсатында қолға алынып отыр.
Мамандардың айтуынша, бұл кезеңде жолдардың негізі шамадан тыс ылғалдану салдарынан әлсіреп, ауыр салмақтың әсерінен бүліну қаупі артады. Осыған байланысты бір оське түсетін жүктемесі 8 тоннадан асатын жүк көліктеріне шектеу қойылады.
Дәл осындай шаралар еліміздің бірқатар өңірлерінде, атап айтқанда Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарында да енгізіледі.
Бұл ретте халықаралық тасымалдарға, жолаушылар көлігіне, әлеуметтік маңызы бар жүктерді, атап айтқанда азық-түлік, дәрі-дәрмек және төтенше жағдайлар салдарын жоюға қажетті жүктерді тасымалдауға шектеулер қолданылмайды.

