Абай облысындағы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі сот шешімімен 1 млрд теңгеден астам қаржылық бұзушылықтарды жоюға міндеттелді.
Мемлекеттік аудиттік тексеру 2021 жылдан 2024 жылдың бірінші жартыжылдығына дейінгі кезеңдегі бюджет қаражатының пайдаланылуына байланысты жүргізілді. Соның қорытындысы бойынша аудиторлар жүйелі бұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, мемлекеттік келісімшарттар бойынша күмәнді төлемдер жасалып, қаражатты есепке алу мен жұмсаудағы кемшіліктерге жол берілген.
Анықталған деректер қатарында — орындалған жұмыстар мен көрсетілген қызметтерді растайтын құжаттарсыз қаражат аудару, еңбекақы мен іссапар шығындары бойынша артық төлемдер, жанар-жағармай материалдарын негізсіз есептен шығару және мемлекеттік сатып алу рәсімдерін айналып өтіп жүргізілген сатып алулар бар.
Аудит қорытындысы бойынша мемлекеттік мекемеге бұзушылықтарды жою және қаражатты қайтару туралы нұсқама берілген. Алайда белгіленген мерзім ұзартылғанына қарамастан, бұл талаптар толық көлемде орындалмаған.
— Нұсқаманың орындалмауына байланысты Ішкі мемлекеттік аудит департаменті сотқа жүгінді. Сот талап-арызды қанағаттандырып, мемлекеттік мекемеге анықталған бұзушылықтарды жою міндетін жүктеді, — деп хабарлады Абай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотынан.
Сот шешімі заңды күшіне енді.

