Нұрымбет Сақтағанов Англияның Ноттингем қаласында өткен Континентальдық кубоктан күміс медаль иеленіп келген «Торпедо» хоккей командасының ойыншыларын құттықтады.
— Бұл спортшыларды даярлаудың жоғары деңгейінің, жаттықтырушылар штабының кәсібилігінің, өңірде хоккейді дамыту мақсатында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесі. Континентальдық кубоктың күміс медалі – маңызды спорттық жетістік қана емес, халықаралық аренадағы отандық хоккейдің бәсекеге қабілеттілігінің көрсеткіші. Өңіріміздің намысын абыроймен қорғап, жаңа жетістіктерге жете беріңіздер. «Торпедо» біз үшін әркез чемпион! — деді ШҚО әкімі.
Одан соң Нұрымбет Сақтағанов Алғыс хат табыстап, өскемендік хоккейшілер мен Петропавлдан келген «Құлагер» командасының ойыны алдында символикалық шайба тастау рәсімін өткізді.
Айта кетейік, бұл клуб тарихындағы Континенталдық кубоктағы ең үздік нәтиже. Бұған дейін «Торпедо» хоккейшілерінің ең жоғары жетістігі 2007-2008 жылғы маусымда жеңіп алған қола жүлде болатын.

