Өскемен қаласында әлеуметтік диалог орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев, қала, аудан әкімдері, тиісті басқармалар мен департаменттер басшылары және кәсіпорын өкілдері қатысты. Ел бойынша алғаш рет ашылған бұл орталық жұмысшылар мен жұмыс берушілердің, жергілікті атқарушы органдардың және кәсіподақ ұйымдарының арасындағы келісім алаңына айналмақ.
— Шығыс Қазақстан аумағында 15 мыңға жуық кәсіпорын бар. Онда 191 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Сондықтан біз әріптестік қарым-қатынасты нығайтуға, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жұмысшыларға жайлы жағдай жасалуына ерекше мән береміз. Осы орталықта түрлі тақырыптар талқыланып, өзекті мәселелер өз шешімін табатын болады. Бұл әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі маңызды қадам, — деді ШҚО әкімі.
Әлеуметтік диалог орталығына Тамара Рахымжанова жетекшілік етеді. Бұған дейін ол ШҚО «Жұмыс берушілер қауымдастығы» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігі төрағасының орынбасары болған.

