Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха қаласындағы 3-ші шағын ауданда көпқабатты тұрғын үйдің бесінші қабатындағы пәтерде өрт шықты. Бұл туралы ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
— Пәтер ішінде жиһаз бен жеке заттар жанып, кіреберіске қалың түтін тарады. ТЖД қызметкерлері түтін аймағынан 5 адамды құтқарды. Сондай-ақ жақын маңда болған аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері де көмек көрсетті, — делінген ақпаратта.
17 тұрғын шұғыл қызметтер келгенге дейін түтін тұмшалаған кіреберістен өз беттерімен көшеге шықты.
— Өрт қысқа уақыт ішінде сөндірілді. Тілсіз жаудың шығу себебі анықталып жатыр, — делінген хабарламада.

